Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасы

Ресми сайты

Облыс әкімінің есебі

Басты бет / Жаңалықтар / Облыс әкімінің есебі

Облыс әкімінің есебі

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп берді.

Жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланған алқалы жиынға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов қатысты. Өңір басшысы есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы істі ілгері етуге кері әсерін тигізіп отырған салалардағы мәселелердің жан-жақты зерделеу қажеттілігіне де баса назар аударды. Өткен жылы өңірде құрылыста қарқын алып 34 әлеуметтік, 25 инфрақұрылымдық нысан құрылысы жүргізілген. Түрлі қаржыландыру көздері арқылы 397,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 320 көп пәтерлі 4 үй, 505 бір типті жекеменшік тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.

Экономиканың күре тамыры саналатын жолдың жай-күйі де жаман емес. 2020 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдардың 82 пайызын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу жоспарланып отыр. Облыс елді мекендерін таза ауыз сумен қамту ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Бүгінгі күні облыстағы елді мекендердің 62,2 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімінің есебінде әлеуметтік саладағы атқарылған және жоспарланып отырған жұмыстар жайында да баяндалды. Сондай-ақ қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында да көп жұмыстың жасалғанына баса назар аударды. Салаға бөлінген 6,2 миллиард теңгенің 1,3 миллиард теңгесі материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалған. Нәтижесінде жалпы қылмыстардың деңгейі 22 пайызға төмендеген.

Жиында сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған міндеттердің мәні мен маңызын түсіндіруді мақсат тұтқан республикалық ақпараттық топтың жұмысы облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынымен тұспа-тұс келгенін айтып, бірқатар мәселелерді қозғады. Жолдау жүктеген 10 міндеттің әрқайсысының қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мемлекет басшысы тапсырған 10 бағыт бойынша Жамбыл жерінде іске асатын жобаларға тоқталды.

Есепті жиын соңында облыс тұрғындары өңір басшысына сауалдарын жолдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға ықпал етуін сұрады.

Көп оқылғандар

Басқарма басшысының блогы

Толығырақ
Күнтізбе