Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасы

Ресми сайты

Жамбыл облысында биыл 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Басты бет / Жаңалықтар / Жамбыл облысында биыл 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Жамбыл облысында биыл 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте инвестиция тарту және шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.


Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, ағымдағы жылы өңірде құны 94,2 миллиард теңге болатын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
- Биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 56,2 миллиард теңгені құраған десек, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға артық, - деді баяндамашы.
Ол ірі инвестициялық жобаларға қатысты бірнеше мысалды тілге тиек етті. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС жобасы аясында инвестиция көлемін ұлғайту туралы үкіметаралық келісім дайындалуда екен.
- Сондай-ақ, екі ірі компания «Monterra Qazaqstan» ЖШС мен «Qazaq soda» ЖШС-нің жобаларын атап өткім келеді. Бірақ оларды сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылыммен қамту мәселелерін шешу қажет, - деді Н. Календеров.
Бердібек Сапарбаев «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының тиімділіктерін пайдалануды ұсынды.
Агроөнеркәсіп саласында инвестиция тарту үшін үлкен әлеует бар. «K -agro» ЖШС фри картобын шығарып, 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Зауыт «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналаспақ.
Облыс әкімі «Тараз» химиялық паркі» АЭА басшылығының жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Осыған орай АЭА қызметінің тиімділігін бағалау үшін орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс комиссиясын құру ұсынылды.
Сондай-ақ, Нұржан Календеров инвесторлармен жұмыс жасаудың тұтас жүйесі құрылып жатқандығын атап өтті. Ол бойынша инвесторлар мен жергілікті атқарушы органдар арасында келісімдерге қол қойылып, аудан әкімдіктері жобаларды сапалы сүйемелдеуге және инвесторларға уақытылы және барлық қажетті ақпаратты сенімді түрде беруге міндеттелген.


Алайда, жергілікті жерлерде барлық жобалар бойынша келісімге толық қол қойылмаған. Бердібек Сапарбаев бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Ол бұл орайд ешқандай кедергі жоқтығын баса айтты.
«Ешкім нақты шаралар қабылдамайды, сондықтан келісімге қол қою ісі созылуда», - деді Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне қарата.
- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерімен байланыс орнатыңыздар. Олар сіздердің жобаларыңызды шетелдік инвесторларға ұсынуға көмектеседі. Осылайша, инвестициялық жобалардың санын арттыруға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде түрлі өнім өндірісін ұлғайтуға, тауарлар экспортын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұтастай алғанда халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді,-деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев инвесторларды қызықтыратын өндіріс, жер қойнауын пайдалану, түсті металлургия салаларға да назар аударудың маңыздылығына тоқталды.
- Өндірістік белсенділіктің төмендеуін ескере отырып, аймақтың экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін салаларды дамыту қажет, - деп түйіндеді аймақ басшысы.

zhambyl.gov.kz

Көп оқылғандар

 

Басқарма басшысының блогы

Толығырақ


Күнтізбе