Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасы

Ресми сайты

«Бейбітшілік пен келісім» – ұлтаралық татулық кепілі

Басты бет / Жаңалықтар / «Бейбітшілік пен келісім» – ұлтаралық татулық кепілі

«Бейбітшілік пен келісім» – ұлтаралық татулық кепілі

Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жоба бастау алған болатын. Аталған жобаның басты мақсаты — өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды зерделеп, тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелерді анықтау. Міне, дәл осы қанатқақты жобаны жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы Шу ауданында болды.
Ең әуелі аудан активімен жиын өткізген ақпараттық топ мүшелері жобаның маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына көпұлтты елді мекендердегі тұрақтылықты сақтау керектігін жеткізді.
 
– Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, жоба аясында «Ақпараттық-түсіндіру», «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу», «Ауылда бизнесті дамыту», «Діни мәселелер» және «Құқық қорғау саласы» сынды бес жұмыс тобы құрылды. Алдағы уақытта аталған топтардың мүшелері Шу, Меркі, Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарында ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу мен шешуге, жергілікті халықтың діни және құқықтық сауаттылығын арттыруға, ауылдықтардың кәсіп бастауына бағытталған түрлі шаралар өткізіп, шалғай ауылдардағы шешімін күткен мәселелерді анықтайтын болады, — деді Дауыл Ынтықбайұлы.
 
Бұдан кейін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қорағаты ауылдық округіндегі Мойынқұм орта мектебінде тұрғындармен кездесу өтті. Басқосу барысында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Медет Атен ауылдықтарға «QazOnline» мобильдік қосымшасын таныстырды. Айта кету керек, қазақ тілін үйренуге арналған мобильдік қосымша тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша құрастырылыпты. 16 сабақтан тұратын қосымшада жаңа сөздер, оқылым, грамматика, жазылым, тыңдалым және өзін-өзі тексеру бөлімдері мен оларды бекітуге арналған тапсырмалар бар. Қосымшаны кез келген ауыл тұрғыны «Play Market» және «App Store» қосымшалары арқылы ұялы телефонына жүктеп ала алады. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да аталған қосымшаға қызығушылық танытып, оның мемлекеттік тілді дамыту ісінде таптырмас құралға айналатындығын жеткізді.
 
Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа аудан жастарымен кездесіп, ауылды жердегі жастардың мәселелеріне құлақ түрді. Жиында аудандық Жастар ресурстық орталығының Қонаев ауылы бойынша жастар ісі жөніндегі инспекторы Нұрдаулет Бауыржан көпұлтты елді мекенде спорт кешені мен мәдениет үйінің жоқтығын айтса, Қорағаты ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Мадина Аман ауылдағы мектептің тозығы жеткендігін және ұялы байланыстың тым нашарлығын тілге тиек етті. Өзге де түйткілдерге құлақ түрген Серікбол Қайратұлы аталған мәселелерді назардан тыс қалдырмай, алдағы жұмыс жоспарына енгізетіндігін жеткізді. Одан бөлек, аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде «Бірлігіміз жарасқан» деген тақырыппен көшпелі көрме ұйымдастырылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Зарина Дүкенбаеваның айтуынша, өзге ұлт өкілдерінің қолынан шыққан 66 жәдігер Шу ауданына әкелінген. Алдағы уақытта көшпелі көрме облыстың өзге де аудандарында ұйымдастырылмақ.
Дәл осы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Маржан Қожаева, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ранохан Убайдуллаева ауданымыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті. Мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара қарым-қатынасын белсенді жүргізуге бағытталған кездесуде ауылды жердегі ұлтаралық татулық мәселесі сөз болды. Сонымен бірге аудандағы этномәдени бірлестіктердің жұмысы сараланып, оларды алаңдатқан мәселелер жан-жақты талқыланды. «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясындағы іс-шаралар легі алдағы екі аптада ауданның бірқатар ауылдық округтерінде жалғасын таппақ.
 

Көп оқылғандар

 

Басқарма басшысының блогы

Толығырақ


Күнтізбе