Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасы

Ресми сайты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы

Басты бет / Uvp / ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы

Мазмұны

  1. Кіріспе
          2. Ағымдағы ахуалды талдау
          2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістер
          2.2. Шешімін талап ететін проблемалар
          2.3. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар
          3. Мақсат және міндеттер
          3.1. Мақсат және нысаналы индикаторлар
          3.2. Міндеттер
          4. Түйінді бағыттар, негізгі тәсілдер және басым шаралар
          4.1. Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
          4.2. Қоғамдық бақылау институтын енгізу
          4.3. Квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
          4.4. Сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
          4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру
          4.6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту
          5. Стратегияны іске асыруды мониторингтеу және бағалау

1. Кіріспе

      «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды.
      Қазақстанның осы маңызды мәселе бойынша қағидаттық ұстанымын білдіретін еліміздің басты стратегиялық құжаты мемлекеттің алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.
      Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршаға мәлім.
      Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүріп келеді.
      Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде, оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылады, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.
      Әлеуметтік шығу тегі мен мүліктік жағдайына қарамастан, оның кезінде басшылық орындарға қабілетті және кәсіби дайындалған адамдар орналасатын меритократия қағидаттарының негізінде мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасты, оның ішінде мемлекеттің әрбір органы мен лауазымды адамының функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылып және айқындалып қалыптасты.
      Шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамыту мен мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнінде кешенді шаралар қабылданды.
      Қазақстанға әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берген азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, ұлттық экономиканың өсуі, бизнесті жүргізу жағдайларын, халықтың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігін жақсарту, электрондық үкіметті енгізу жөніндегі қолданылып жатқан шаралар да заңға бағыну мәдениетін және жүріс-тұрыстың жалпы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы модельдерін қалыптастыру үшін алғышарттар жасайды.
      Сонымен бірге экономиканың одан әрі өсуі, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлемнің неғұрлым дамыған бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына кіру жөніндегі өршіл міндетті жүзеге асыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешу мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға негізделген жаңа жүйелі шаралар қабылдауды және оны іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруды талап етеді, бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға мүмкіндік берер еді.
      Бұл орайда қазіргі кезеңде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны (бұдан әрі – Стратегия немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) айқындайтын жаңа бағдарламалық құжатын қабылдау қажеттігі болып тұр.
      Мұндай құжатта сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл берілуі тиіс. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиіс.
      Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бизнесті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жою, Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерінен тиімді қорғау жөніндегі шаралардың басымдығын да көздейді.
      Тұтастай алғанда, мұндай Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенінің әзірленуін және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтіп, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа төзімсіз көзқарасын қалыптастыруға тиіс.
      Бұл ретте Стратегия айқындайтын базалық бағыттар түпкілікті болуы мүмкін емес. Олар жекелеген іс-шаралардың орындалуына байланысты және сыбайлас жемқорлық құбылысына, оның себептеріне, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысты ынталандыруға терең талдаудың нәтижелерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы істердің жай-күйін байсалды және объективті бағалауды ескере отырып түзетілуге тиіс.

2. Ағымдағы ахуалды талдау

2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістер

       Қазақстандық мемлекет дамуының алдыңғы кезеңдерінде жалпы мойындалған нәтижелерге қол жеткізілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісінде айқын оң үрдістер байқалды, оларды күшейту және дамыту ел дамуының қазіргі заманғы кезеңіңде осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны табысты іске асырудың кепілі болады.
      Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып осы келеңсіз құбылыспен күрестің мақсатын, міндеттерін, негізгі қағидаттары мен тетіктерін айқындаған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады.
      2001 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда, олардың шеңберінде сыбайлас жемқорлық көріністері пайда болуының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі нақты шаралар қабылдануда.
      1999 жылдан бастап қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң және 2005 жылы Мемлекет басшысы бекіткен Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі Қазақстанда есеп берушілік, ашықтық және меритократия қағидаттарында құрылған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін негіз жасады.
      Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реттеуші және құқық қорғау функцияларын біріктіретін арнайы мемлекеттік орган құрылды. Ол мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен өткеру және мемлекеттік аппарат тазалығына мониторинг жүргізу мәселелерін реттеуге ғана арналған емес, оған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның профилактикасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық қудалау функциясы да берілген.
      Бұл ретте алдын алу-профилактикалық қызмет жаңа құрылған орган үшін басымды болып табылады.
      Жаза бұлтартпастылығы қағидаты табысты іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасағаны үшін әшкереленген шенеуніктер атқарып отырған қызметтері мен шендеріне қарамастан, заңның барынша қатаңдығы бойынша жауапты болады.
      Қылмыстық-құқықтық саясат сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін лауазымды адамдардың қатаң жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
      Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатал жауапкершілік қажеттілігі Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген.
      Осындай қағидаттық тәсіл жаңа Қылмыстық кодексте іске асырылған. Мәселен, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарға мерзімнің ескіруі қолданылмайды, шартты түрде соттауға тыйым салынған, мемлекеттік қызметте лауазымға орналасу құқығына өмір бойына тыйым салу енгізілді.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін басшылардың дербес жауапкершілігі жөніндегі нормалармен толықтырылды. Онда «мүдделер қақтығысы» деген маңызды ұғым бекітілген.
      Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтумен қатар олардың әлеуметтік кепілдіктері де жетілдірілуде.
      Мемлекеттік аппараттың еңбекақысын кезең-кезеңмен, үнемі көтеріп отыру мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік өзін-өзі сезінуін арттыруға және олардың өз міндеттерін адал және әділ негізде орындауы үшін жағдайлар жасауға арналған.
      Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасында құқық тәртібі органдарына деген сенім деңгейін арттыруға, мінсіз жүріс-тұрыспен және құзыреттіліктің жоғары деңгейімен ерекшеленетін персоналды қалыптастыруға бағытталған шаралар көзделген.
      Сот жүйесіне деген сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оның рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды.
      Жер-жерде ақпаратқа колжетімділік кеңейтілді, оған электрондық үкіметті, сондай-ақ мемлекеттік және жекеше құрылымдардың интернет-ресурстарын қалыптастыру жөніндегі шаралар ықпал етті.
      Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кедергісіз ақпарат алуы, оның ішінде мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен веб-сайттары арқылы кедергісіз ақпарат алуы үшін жағдайлар жасалды.
      Елдің инвестициялық тартымдылығын күшейту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті, халықтың сапалы және тез арада мемлекеттік қызметтерді алуын қиындататын әкімшілік кедергілер жойылуда.
      «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңның қабылдануымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін жағдайлар жасалды, рұқсаттар саны мен қызметтің лицензияланатын түрлері күрт азайды. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін бағалау және оның сапасын сыртқы бақылау жүйесі қалыптастырылды.
      Атқарылған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің мерзімдерін бұзу саны (2012 жылмен салыстырғанда 8,7 есеге) және оларды көрсету сапасына шағымдардың саны (25%-ға) жыл сайын төмендеп келеді, сондай-ақ автоматтандырылған қызметтердің үлесі (2 еседен астам) және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесі (51%-ға) ұлғайды.
      Мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру деңгейі артуда, бұл бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуына, бюджет қаражатының ашық және тиімді игерілуіне ықпал етеді.
      Экономиканың мемлекеттік емес секторында кәсіпкерлік қызметті жүргізу, жұмысқа орналасу және халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
      Тұтастай алғанда, аталған шаралардың қабылдануы Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деңгейі бойынша Орталық Азия өңірінде де, ТМД елдері арасында да көшбасшы орындардың бірін алуға мүмкіндік берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру

Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
1) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
2) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы уәкiлеттiк бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін уақытша орындайтын адам;
4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері;
5) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін;
6) сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер – осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган – өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласын үйлестіру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы орталық атқарушы орган; оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері;
11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);
12) сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі;
13) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Басқарма басшысының блогы

Толығырақ
Күнтізбе