Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасы

Ресми сайты

Рухани жаңғыру

Басты бет / Uvp / Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру

«Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары»

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін жасақтады. Аталған тізімге Жамбыл облысынан 8 нысан енгізілді. Олар:

1) Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені;

2) Ақыртас бекінісі (VIII-IX ғғ.);

3) «Ежелгі Тараз қалашығы» (І-ХІХ ғғ.);

4) «Тектұрмас» кешені (ХІV ғ.);

5) «Қарахан» кесенесі (ХІІ ғ.);

6) «Айша бибі» кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.);

7) «Бабажы Хатун» кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.);

8) «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенесі.

 

«Рухани Қазына» — Туған Жер бағдарламасы бойынша аяқталған жоба бойынша ақпарат

Ұлы сазгер, күйші  Н.Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты Республикалық әншілер және күйшілер байқауы — 8 000 000 теңге. Мақсаты: Н.Тілендиевтің шығармаларын халық арасында кеңінен тарату, насихаттау, келешек ұрпаққа үлгі боларлық Ұлы сазгердің шығармаларының классикалық, ұлттық формаларына баса назар аударып, өнерпаздардың орындау шеберліктерінің өсуіне ықпал жасау, жас буындармен  толықтыру, олардың шығармашылығынын дамыту.

Байқауға Астана, Алматы қалаларынан және Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл  барлығы 23 үміткер қатысты.

Конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар Нұрғиса Тілендиев атындағы Бас жүлдемен, І,ІІ,ІІІ орындар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Үміткерлердің орындау шеберлігін анықтау мақсатында қазылар алқасы құрылды.

С.Медеуов — әнші, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қазылар алқасының төрағасы;

М.Рахманқұлов — Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, қазылар алқасының мүшесі;

А.Малдыбаев — Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күйші, сазгер, қазылар алқасының мүшесі.

 

Жамбыл облысында жалпы орта білім беретін мектептерде «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары енгізілгенді

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмысты жүзеге асыру мақсатында білім мен ғылымға, тәрбие саласына үлкен мән беріп отыр. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дегендей әрбір жеке тұлғаны білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген, жаһандық өзгерістерге бейімделген, туған өлкенің тарихын зерттеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілікке, отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады.

Осыған орай, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 2017-2018 оқу жылында облыс бойынша жалпы орта білім беретін 316 мектептердің 7,8 сыныптарына арналған «Өлкетану», «Туған өлке тарихы» курстары оқу жүктемесі аптасына бір сағаттан жылына 34 сағат және 29 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің 1-2 курс студенттеріне арналған «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары оқу жүктемесі аптасына бір сағаттан жылына 36 сағат қарастырылған.

Жалпы орта білім беретін мектептердің «Өлкетану» курсы аясында оқушылардың туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, табиғи және басқа да факторлар туралы білімдерін қалыптастыруға, туған елге деген сүйіспеншілік сезімін, қоршаған табиғи ортаны аялауға, тәрбиелеуге баулиды.  «Туған өлке тарихы» курсы оқушылардың туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын тарихи, археологиялық, мәдени білімдерін қалыптастыруға, тарихи ескерткіштері мен мәдени нысандары туралы дерекнамалық мәліметтерді жинақтауға бағыт береді.

«Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары өткен ұрпақтың тарихи және мәдени мұрасын сақтау мен толықтыруды ұғындыру, туған өлкедегі тарихи ескерткіштердің пайда болуы мен құндылығын түсіндіру, туған халқының тілі мен әдебиетіне деген танымдық қызығушылығын арттыру болып табылады.

Мектеп оқушылары таңдау курсынан аңыз-ертегілердің мән-мағынасын түсіну және оларды талдауды, жер, қалалар, өзен, көлдер мен таулардың атауларының шығу тарихын, археологиялық ескерткіштерін, туған өлкенің флорасы мен фаунасын және өлкенің халықаралық дәрежедегі ескерткіштерін, туған жері үшін кеше және бүгін қызмет еткен еңбек ерлерінің ерен еңбектерін, өлкенің ұлттық қолөнерін танып біледі. Ал І, ІІ курс студенттеріне жергілікті жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуы (этимологиясы) туралы аңыздар мен қисса-дастандар, зерттеулер, бұл атаулардың пайда болу тарихын, қаламгерлердің ұлт санасын оятудағы ізденістері мен тарихын және туған жерге байланысты жазған шығармаларын, жергілікті ғалымдардың ғылыми еңбектерімен және Шу, Талас алқаптарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарымен, Ежелгі  Тараз өңіріндегі тарихи шайқастармен, Қазақ хандығының құрылу тарихымен, өңірде мекендеген өзге ұлттардың салт-дәстүрі мен мәдениетімен танысады. Сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхат жасайды.

 

Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар кестесі бекітілді

Облыста қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру және ілгерілету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде облыстық комиссия құрылып, 2017-2019 жылдарға арналған 127 тармақтан тұратын облыстық іс-шаралар Жоспары бекітілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр-шілде, тамыз-желтоқсан айлары аралығында ұйымдастырылатын іс-шаралардың желілік кестесі әзірленіп, іске асырылуда.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру және ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында спикерлер және журналистер пулы жасақталып, облыстық медиа-жоспар әзірленіп бекітілді.

 

Облыста Елбасы мақаласын түсіндіру бойынша 521 іс-шара өткізілді

Ақпараттық-түсіндіру жұмысын пәрменді жүргізу мақсатында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жанынан 3 мобильді-ақпараттық топ (сарапшылар, жазушылар, қоғамдық пікір көшбасшыларының арасынан) құрылды. Олар бүгінгі күнге 13 мың адамды қамтыған 139 кездесу өткізді.

Бүгінгі күнге дейін қоғамдық сананы жаңғырту тақырыбына арналған түрлі деңгейде 18 конференция, 37 «дөңгелек үстел» отырысы, 106 жиын, 21 акция, 339 кездесу ұйымдастырылды. Жалпы, облыс бойынша Елбасы мақаласын түсіндіру бойынша 521 іс-шара өткізіліп, оған 107 мыңға жуық адам қамтылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың тамыз және желтоқсан айларына әзірленген желілік кестеге (облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейді қамтитын) сәйкес бүгінгі күнге 131 іс-шара өткізіліп, барлығы 14 мыңнан астам адам тартылды.

 

Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдасырылған іс-шаралар туралы ақпарат

Бағдарламалық құжаттың негізгі бағыттарын түсіндіру және ақпараттандыру әртүрлі әлеуметтік топтар арасында және жергілікті элита өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту арқылы жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру – мемлекеттің тірегі, халықтың жігері» атты облыстық форум, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында азаматтық қоғам институттарының қатысуымен Елбасы мақаласының негізгі қағидаттарын талқылау бойынша «дөңгелек үстел» отырысы, «Достық» үйінде «Вместе сделаем шаг навстречу будущему» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-зерттеу тобының отырысы, облыс жастарының «Рухани жаңғыру!» атты автокеруені, «Рухани жаңғыру – даму бағытына өрілген өзекті мақала» атты конференция, Жуалы ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын  жүзеге асыру – әрбір қазақстандықтың парызы» атты «дөңгелек үстел» отырысы, «Рухани жаңғыру – жастар болашағының кепілі» атты акция, Т.Рысқұлов  ауданында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлт аралық татулық» атты кездесу және «Мәңгілік елдің ұландары» атты акция, Жамбыл ауданында «Басты бағдар – тура жол» атты «дөңгелек үстел» отырысы, ардагерлер кеңесімен «Маңызды тарихи құжат» атты семинар,  Сарысу ауданында «Рухани кемел ел болу – Елбасы арманы» атты кездесу, «Жаңғыру – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кәсіпкерлермен жиын, Шу ауданында «Болашаққа бағдар – ел бағдары» атты мәдениет қызметкерлерімен сазды бағдарлама, «Жастар Елбасының мақаласын қолдайды!» атты акция, «Болашаққа бағдар – жарқын болашаққа жетелейді» атты оқырмандар конференциясы, Мойынқұм ауданында «Жастардың рухын оятты» атты жиын, «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты кездесу, «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты Халықаралық автокеруенін салтанатты күтіп алу рәсімі, облыс тұрғындарының қатысуымен велошеру өткізілді.

Сонымен қатар, түсіндіру жұмысында 11 облыстық ақпараттық топтардың әлеуеті пайдаланылуда. Аталған топтың мүшелері мамыр-қыркүйек айларында  елді мекендерде 2 рет шығып, есепті арлықта 175 мың адамды қамтыған 201 кездесу өткізді.

 

«Туған Ел – ұлттық патриотизмнің негізін қалаушы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын насихаттау және оны жүзеге асыруға азаматтық қоғам институттарының әлеуеті белсенді түрде пайдаланылуда.

Атап айтқанда, «Жамбыл облысында этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталық қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласында атқарушы органдардың өкілдері, этномәдени одақтар, үкіметтік емес ұйымдар, аймақтық элиталар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуы мен «Туған Ел – ұлттық патриотизмнің негізін қалаушы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

 

Белсенді үкіметтік емес ұйымдар менұйымдастырылған іс-шаралар

Әлеуметтік жобалар аясында облыстың «Іскер әйелдер» қауымдастығы, Ардагерлер кеңесі, Саясаткер әйелдер клубы, «Асыл Арман», «Жастар-зерттеу» қоғамдық бірлестіктері, Жастар ұйымдарының қауымдастығы секілді облыстың жетекші үкіметтік емес ұйымдары бағдарламаны насихаттау мақсатында «Қымыз мұрындық» ұлттық мейрамын, «Мәдени мұра ұрпақ игілігіне», «Патриот бол!», «Отбасым – бақыт мекенім» акцияларын, «Атадан қалған асыл сөз», «Білім мен келісім – жаңғыру негізі» «Ұлттың интеллектуалды деңгейі – мемлекет болашағына инвестиция» атты кездесулерді, «Қазақстан – Ұлы дала елі» ақпараттық автокеруені мен «Менің Елім – Мәңгілік Ел» фотобайқауын және т.б. іс-шараларды ұйымдастырды.

 

Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар

«Азаматтық Альянс қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің  бастамасымен әртүрлі мақсатты топтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» форматында бағдарламаның негізгі аспектілері бойынша сындарлы пікірталастар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Елбасының бағдарламалық мақаласын түсіндіру мақсатында іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу бойынша Тараз қаласында арнайы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ақпараттық орталық қызметін ұйымдастыру», «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тұрғындарға түсіндіру мақсатында іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» тақырыптарында 2 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

Рухани жаңғыру идеясын түсіндіру процесіне облыстық «Нұр Отан» партиясының филиалы мен Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының облыстық филиалы (ҚКХП) қосылып қоғамның түрлі салаларын қамтитын 50 адамнан құрылған спикерлер пулы жасақталды.

Бағдарламаны насихаттау мақсатында әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға жастар ұйымдары белсенді қатысуда. Мәселен, «Рухани жаңғыру» ақпараттық-насихаттау автокеруені, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» кубогы-2017» облыстық дебат турнирі, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру!» атты шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің жастармен кездесуі, «Тарихы терең Жамбылым» атты тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсиялар ұйымдастырылды.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында

«Атамекен» кіші бағдарламасына енген жобалар

 «Атамекен» кіші бағдарламасын іске асыру бойынша Жамбыл облысынан республикалық реестрге 4 кіші жоба енгізілді. Жобалар 2018-2022 жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірлік реестрге енгізілмеген іс-шаралар да ұйымдастырылуда. Мәселен, облыс бойынша мыңға жуық волонтерлер тобы жасақталған. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған «Волонтерлар мектебінің» белсенділері өңірімізде ұйымдастырылып жатқан әрбір шараларға белсенді түрде атсалысуда.

Атап айтқанда, «ЭКСПО — 2017» көрмесін ұйымдастыруға атсалысу мақсатында волонтерлар (100 адам) тілдерді дамыту орталығында 3 тілде білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Волонтерлар мектебінің жұмысын үйлестіру, жүргізу және «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне волонтерлармен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу» тақырыбында арнайы жоба іске асырылды.

 

Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында

2018-2022 жылдарға жоспарланған жобалар

Бағдарламаны облыста ілгерілету мақсатында 39 кіші жоба енгізіліп, бүгінгі таңда оның 3-уі жүзеге асырылып («Жаңарған Жамбылым» атты эстрадалық әншілердің халықаралық конкурсы, «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны, «Әлемді кітап арқылы танимын» облыстық әдеби байқауы), 5-і үстіміздегі жылы қазан-желтоқсан айларында іске асырылмақ. Ал, қалған 31 кіші жоба 2018-2022 жылдарға жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірлік реестрге енгізілмеген іс-шаралар да ұйымдастырылуда.

Атап айтқанда, облыстың тарихы, мәдениеті мен тарихи орындары туралы 11 сериалды деректі фильм түсіріліп, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасынан көрсетілді.

 

«Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы

 Облыста «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына қатысушы үміткерлердің тізімін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Кандидаттарды сұрыптау барысында айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында, жұмысшы тобы құрылып бекітілді. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясы, жазушылар және қоғамдық ұйымдардың мүшелері енгізілді.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы кең ауқымда жүзеге асыруға облыс әкімдігінің басқармалары, аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылды. Жобаны ақпараттандыру және азаматтар аудиториясын жоғарылату жұмыстарына облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-тарда жұмылдырылды. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың тамыз айының басынан бері «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы мерзімді басылымдарда 41 хабарландыру жарияланды.

Сонымен қатар, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы хабарландыру күніне 6 рет жиілігімен облыстық «Қазақстан-Тараз» теларнасындағы телеблокнот айдарында көрсетілді.

Бүгінгі таңда жоба аясында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 253 ұсыныс келіп түсіп, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бекіткен талаптарына сәйкес 78 өтініш іріктеліп, министрлікке жолданды.

 

Таразда «Рухани жаңғыру» идеясын кеңінен насихаттайтын семинар-тренинг басталды

Таразда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында республикалық семинар-тренинг басталды. Іс-шара «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат: дамудың жаңа кезеңінің міндеттері» деп аталады. Оны ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырып отыр. Басқосу сондай-ақ, Қазақстан Халқы ассамблеясының ХХV сессиясында белгіленген міндеттер мен қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да бағытталған.

Мағынасы терең, маңызы зор мұндай жиын Жамбыл облысында осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның өзіндік себептері де бар. Құт дарыған киелі өңірде бүгінгі 80-нен астам диаспораның өкілдері береке мен бірлікте өмір сүруде. Семинарға шақырылған қонақтар алдымен осы сан алуан этностың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан көріністерді тамашалады.

Республикалық деңгейдегі семинар-тренингте жаңа дәуірдегі жаңғырудың негізгі тетіктері, елімізге рухани  жаңғырудың ықпалы жан-жақты айтылды. Оның ішінде мемлекеттегі этноконфессионалды жағдай, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы қоғамдық келісім кеңестері қызметінің жаңаша қағидаттары  жайы кеңінен сөз болды.

Тақырып ауқымды. Айтылар пікірлер де  сан алуан. Елбасы бұл бағдарламалық мақалада атқарушы органдар  алдына аз міндет қойған жоқ. Сондай-ақ, Ассамблеяның кезекті сессиясында да қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша да алға қойылған мақсаттар жетерлік. Бұлардың барлығын жіктеп-жіліктеп түсіндіру мен түсіну бүгінгі семинардың басты мақсаты.

Семинар-тренинг үш күнге созылады. Келген қонақтар осы уақыт ішінде қатысушылармен тақырып аясында дәріс-әңгімелесу, тренингтер, фокус-топтар, пікір алмасу мен практикалық сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ, Тараздың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады деп күтілуде.

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында жарияланған болатын. Алты басым бағыттан тұратын мақаланың негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту. Тек қоғамдық сананы жаңғыртып, халықтың ой-танымын өзгерткен кезде ғана біз өркениетті елдердің қатарына қосылып, дамыған отыз елдің тізімінен орын аламыз.

«Отбасы – рухани жаңғыру негізі»

2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі — Отбасы күні болып бекітілген болатын. Дәл сол жылы 8 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет Отбасы күні мерекесі аталып өтті.

Осынау мерекені атап өту аясында жыл сайын еліміздің барлық облысында түрлі рухани шаралар өтіп жатады. Басты мақсат – отбасы құндылықтарын сақтау, жандандыру және дамыту. Мұндай шараларды қолға алмасақ қоғамда жетімдер мен жесірлер саны артып, қарттар үйі қарияларға толып барады.

Осындай рухани шаралардың бірі Жамбыл облысында да өтіп жатыр. Облыстық әкімдік пен Білім басқармасы ұйымдастырған шара «Отбасы – бақыт мекені» деп аталады және 1 апта бойына жалғаспақ. Ұраны: «Отбасы – рухани жаңғыру негізі». Апталық өткізудің мақсаты – халық арасында отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

«Отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықтарын сіңіретін тәрбие ошағы. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттері ең алдымен, дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу болып табылады. Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында да отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік деп көрсетілген», — дейді Жамбыл облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Осы апталық аясында 5 қыркүйек күні Тараз қаласының барлық мектептерінде «Отбасы – өмірдің мәні», «Берік отбасы – адамның сенімді тірегі», «Жапырақ тамырдан нәр алады», «Отбасы татулығы» тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді.

Ал, 6-7 қыркүйек аралығында 5-10 сынып оқушылары арасында «Ынтымағы жарасқан отбасы», «Отбасыммен демалыста» тақырыптарында сурет байқаулары, сонымен қатар «Өнеге отбасынан», «Менің отбасым», «Әкем, анам және мен» атты спорттық отбасылық эстафеталар мен сайыстар ұйымдастырылды.

8-11 қыркүйек аралығында апталықтың іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жалғасын табады.

Айта кетейік, бұл апталықтан бөлек облыста «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл маусым айында аяқталған шешуші кезеңде Талас ауданының намысын қорғаған Әбілдаевтар отбасы бас жүлдені жеңіп алса, мерікілік Арыстанбаевтар бірінші орынды иемденді. Енді қос отбасы жыл соңында Астанада өтетін республикалық байқауда бақтарын сынайтын болады.

Таразда «Зерде» рухани дамыту орталығы ашылды

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани» жаңғыру атты мақаласы жарияланғаннан бері Қазақстанның әр облысында қоғамның санасын жаңғыртуға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асуда. Сондай ауқымды жобалардың бірі күні кеше Тараз қаласында іске қосылды.

Атап айтар болсақ, Жамбыл политехникалық колледжінің базасында «Зерде» рухани дамыту орталығы ашылып отыр. Аталған орталық жастардың рухани азық алуына жұмыс істейтін болады.

Орталықтың негізгі мақсаты – жастар арасында қазақстандық патриотизмді дамыту, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, жаңғыру жолында нақты мақсатқа жету үшін, білімді, саналы болуға, ұлттық кодымызды сақтай білуге тәрбиелеу.

Орталықтың ашылуына облыстық Ішкі саясат және Білім басқармалары мұрындық болып отыр. Ал, Политехникалық колледж басшылығы болса мұндай орталықтың жұмысын жандандырып, ауқымын кеңейтетіндерін айтты.

«Тарихи өлкетану, мәдени өлкетану міндетті курстарды осы орталықта жүргізіледі. Тараз қаласының тарихи-мәдени ескерткіштері туралы білім беріледі. Жастар болашақ мамандар өлкетану жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алады», — Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева.

Сондай-ақ, орталықтың ашылуына орай «Туған Жер» бағдарламасы бойынша колледж оқытушыларының жұмыстары таныстырылды. Студент жастарға туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетіні жете түсіндірілді.

«Президенттің өзі бастаған осынау бағдарламаға біз де өз үлесімізді қосамыз. Туған жеріміздің тарихын зерттеп, рухани жаңғыруға атсалысамыз. Елбасымыз бізге, яғни жастарға үлкен үміт артып отқанын ескерсек, орталықтағы жұмыстарымызды дәл бүгіннен бастауға бел шеше кірісіп отырмыз», — дейді колледждің студенті Ақбота Зұлмахан.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жастарға ерекше тоқталған. Қоғамдық сананы жаңғыртуды ең алдымен жастардан бастау керек дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені, өскелең ұрпақ қай бағытқа қарай жүрсе, мемлекеттің де болашағы солай қарай дамитын болады. Сондықтан да, елімізде дәл осы Таразда ашылған жастар орталығындай ұйымдар көптеп ашылмақ.

Сонымен қатар, аталған мақаладағы басым бағыттардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы аясында да жастардың белсенділігін көтеру қарастырылған. Яғни, дарынды ұрпақтың білімін ауыл-аймақты көркейтуге, ауыл халқының әлеуетін арттыруға жұмсайтын боламыз.

 

Мектеп оқушылары арасында «Туған жерім» республикалық шығармалар байқауы басталды

 

Бүгін бүкіл республика бойынша мектеп оқушылары арасында «Туған жерім» тақырыбындағы шығармалар байқауы басталды. Мұндағы басты мақсат – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін іске асыру аясында жастар арасында отансүйгіштікті нығайту болып табылады.

Байқау осы жылдың 5 қыркүйегі мен 1 желтоқсан аралығында аймақтық деңгейде еліміздің барлық жалпы білім беру мекемелерінде өтеді. Жеңімпаздар конкурстық комиссияның шешімімен анықталып, ауданның үздіктері облыстық, облыстың үздіктері республикаға жолдама алады.

Шығармалар төрт номинация бойынша төрт түрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтсақ, «Шағын отан неден басталады?», «Туған өлке батырлары», «Туған өлке болашағы жайлы арманым» және «Туған өлке игілігі».

Оқушылар осылардың арасынан өздері таңдап алып, қалаған тақырыбы бойынша шығармаларын ұсынады. Конкурсқа 5-11 сынып оқушылары қатыса алады әрі ол үш бөлімнен тұрады. Яғни, 5-ші мен 6-шы сыныптар, 7 мен 9 шы сыныптар, сосын 10-шы 11-ші сынып оқушыларының шығармалары қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

Байқау қорытындысы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні қарсаңында жарияланып, жеңімпаздар «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдарының арнайы дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталмақ.

Айтулы байқауға Жамбыл облысының оқушылары да қатысуда. Жас өрендер өз туған жерлері туралы жазудан жалықпайтындарын айтып отыр.

«Жалпы шығарманы қабылдау 25 қазанға дейін жүретін болады. Барлық ауданда барлық мектептің оқушылары бұл байқауға қатыса алады. Шығарма байқауы ең алдымен барлық мектептерде насихатталып, БАҚ жарияланады 1 кезең, 2 кезең – шығармалардлы іріктеу, жинақтау, 3 кезең – ең мықты шығармаларды арнайы кітап қып шығару жоспарланған», — дейді байқаудың облыстағы ұйымдастырушыларының бірі – «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы қарастырылған. Аталған жоба еліміздегі ауылды елдімекендердің әлеуетін, экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында қалталы азаматтар, танымал тұлғалар бүгінде өз ауылдарына әлеуметтік нысандар салып, жолдарын жөндеп беруде.

 

«Нұр Отанның» Жамбыл облыстық филиалы латынға көшудің мән-жайын талқылады

 

 Қазақстанда латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстары қарқын алды. Аталған идея осыдан он шақты жыл бұрын көтерілгенімен, іс жүзінде тек биыл ғана жүзеге аса бастады. Өйткені, жыл басында, нақтысын айтқанда, сәуір айында Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, онда қазақ тілін латынға көшіруді көп созбауды тапсырған болатын. Яғни, биылдан бастап латын әліпбиіне көшу жұмыстары басталса, 2025 жылға дейін ол толық аяқталуы тиіс.

Әліпби алмастыруға дайындықты «Нұр Отан партиясының Жамбыл облысындағы филиалы да пысықтады. Атап айтқанда, партия жанынан құрылған «Мирас» аймақтық кеңесі кезекті отырысын осы тіл реформасына арнады. Жиынға партия өкілдерінен бөлек тіл білімі саласының мамандары, музей қызметкерлері мен жастар қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Еске салайық, осыдан бірер апта бұрын Парламент депутаттарына латын әліпбиінің қазақстандық үлгісі негізінде жасалған жаңа жоба таныстырылды. Оны әзірлеген Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы. Ондағы мамандар болашақта қазақтар осы әліпбиді қолдануы тиіс деп есептейді. Алайда, аталған жаңа әліпбиде кейбір қазақша әріптер таңбаланбаған. Олар екі әріптің бірігуі арқылы жазылады екен. Бұл жайт өз кезегінде қоғамдық пікірді екі жарды. Тараптардың бірі «бір әріп – бір таңба» деген принципті ұстанса, өзгелері осы соңғы әліпбиді пайдалануымыз керек деп есептейді.

«Мирасқа» жиналған жамбылдық мамандар латын әліпбиінің бұл нұсқасын әлі де талқылап, жетілдіру керек деген ұстанымда қалды. Алайда, қандай жағдай болмасын, қазақ тілін датынға көшіру керек деп есептейді олар.

«Елбасымыздың көреген саясатының арқасында осы латын қаріпіне ауысуда жалпы халықтық талқылаудан өткізіп, бір ортақ пікірге келіп, қателіктерге бой алдырмай латын әліпбиіне қатысты ұсынысты түпкілікті ғылыми негізде қабылдау жоспары тұр», — дейді «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев.

Жиында сөз алғандар бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін алға тартты. Әлемдегі ғылым-білім мен ақпараттардың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латын әліпбиіне  көшудің пайдасы орасан. Сонымен қатар, бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады дейді тіл мамандары.

Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам

 

Таразда оқушылар мен колледж студенттерінің арасында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты облыстық инновациялық идеялар байқауы басталды. Айтулы шара Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр деп хабарлайды облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Байқау Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжінің базасында өтуде. Оған мектеп оқушыларымен бірге облыстағы колледж студенттері де қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінге дейін барлығы жас ғалымдардан 96 ғылыми жұмыс келіп түскен.

Байқаудың мақсаты: білім алушыларға ғылым мен техниканың әр түрлі облысындағы, өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына тарту, талантты балаларға қолдау көрсету, тұлғаның шығармашылық құзыреттілігінде бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру.

Білім басқармасы мамандарының айтуынша, осындай байқаулар арқылы жастардың талантын ашып қана қоймай, оларға одан әрі де қолдау көрсетілетін болады. Атап айтқанда, қазіргі таңда дауальды оқыту жүйесі енгізілгені белгілі. Осы жүйе аясында дарынды оқушыларды машина жасау мен робототехника өнеркәсібіне тәжірибеден өтуге жіберуге мүмкіндіктер жасалмақ. Сондай-ақ, бірегей инновациялық жобаларға стипендия тағайындау да қарастырылған.

Ал, бүгінгі байқаудың жұмыс мазмұны 9 бағыттағы номинациялар бойынша өтіп жатыр. Олар:

1) автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру  (автобустар, жеңіл көлік, жүк көлігі, арнайы техника, тәжірибелік модельдер және жол таңдамайтын көліктер);

2) өндіріс саласындағы техникалық құрастыру (станок жабдықтары, техникалық ойыншықтарды қоса алғанда әр түрлі техникалық нысандар моделдері, оның ішінде дәстүрлі емес материалдардан (қағаз-пластиктен және т.б.) жасалған тәжірибелік модельдер);

3) ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру (трактор модельдері, комбайн, тұқым сепкіш, жүк тиегіш және жүк түсіргіш, шөмеле үйетін машина, ауыл шаруашылық кешендері, тәжірибелік модельдер және т.б.);

4) әскери техника саласындағы техникалық құрастыру (танк, зеңбірек, бронетранспортер, әуеқорғаныс құрылғылары, тәжірибелік модельдер тапаншадан, қарудан, автоматтан және т.б. басқа);

5) су көлік саласындағы техникалық құрастыру (ауа жастықшалы кеме моделі, кеме, яхта, гидроплан, катер, қайық, тәжірибелік модельдер және т.б.);

6) құрылыс облысындағы жобалар (тұрғын үй макеттері, әкімшілік ғимараттар, коттедждер, кешендер, спорттық ғимараттар, вокзалдар, порттар, аэродромдар, сауда орталықтары және т.б.);

7) жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласындағы жобалар (ядролық энергетика және жылу физикасы; альтернативті және көміртекті емес энергетика; энергия үнемдеуші технологиялар; отын өндіру және өңдеу; радиоактивті қалдықтарды сақтау және утилизациялау технологиясы);

8) авиация саласындағы жобалар: авиациялық техника әзірлеу саласындағы жобалар және модельдер (ұшақтар, тікұшақтар, пилотсыз ұшатын аппараттар, экранопландар, гидроұшақтар, амфибиялар және т.б.);

9) космонавтика және аэрокосмос техникасы саласындағы жобалар: космос техникасын әзірлеу саласындағы  жобалар және модельдер (зымыранды жүйелер, космос станциялары, спутниктер, аппараттар және т.б.), зымыран құрастыру (космос кемелері, зымырандар және ілеспелі техника).

Жоба жұмыстары зерттеп отырған мәселенің актуалдылығы, жүргізген зерттеудің көлемі, зерттеу әдістерінің тиімділігі, зерттеу тақырыбы, зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы, демонстарциялық материалды түсіндіру кезіндегі шешендік өнері критерийлері бойынша бағаланады.

Тілдер күніне орай Таразда Жастар форумы өтті

 

Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан халқының тілдері күні. Айтулы мерекеге орай Тараз қаласында Жамбыл облысының белсенді жастары бас қосып, «Тіл татулық тірегі» атты жастар форумын өткізді. Іс-шара «Жастар сарайында» облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастауымен ұйымдастырылды.

Бүгінде Жамбыл облысында 80-нен астам диаспораның өкілдері өмір сүреді. Еліміздің өзге өңірлеріндегі сияқты олардың да тілдері мен дәстүрлері, мәдениеті еш шектеусіз, кедергісіз сақталған және жергілікті билік тарапынан дамытуға мүмкіндіктер де жасалып отыр. Ал, олардың бәріне ортақ шаңырақ болған Қазақстанның мемлекеттік тілі үлкен реформаны бастан өткергелі тұрғанын жақсы білеміз. Яғни, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі өзге диаспора өкілдерінің арасында да қолдауға ие болуы тиіс. Сондықтан, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілетін болады. «Жастар сарайына» жиналғандар бүгін осындай тоқтамға келді.

«Бүгін жай ғана тілдердің мерекесі емес, бүгін біз қазақ тілінің болашақ тағдырын талқылау үшін жиналдық. Осында отырған жастардың бәрі ана тіліміздің латын әліпбиіне көшуін қолдайтындарын айтып отыр. Мұның пайдалы тұстары көп, соның бірі – біздің ағылшын тілін тез және еркін меңгере алатынымызда», — дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Сағи Алтынкөп.

Латынға көшудегі негізгі мақсаттардың бірі де осы – өскелең ұрпақтың ағылшын тілін тез меңгеріп алуы. Өйткені, ғылым мен технологияны игеру үшін қазақ немесе орыс тілдерінің аздық ететінін тәжірибе көрсетіп отыр.

Ал, аталған жиынға қатысқан жастар латынға көшуді еліміздегі өзге ұлттардың тілі мен дәстүрін одан әрі дамытуға еш кедергі келтірмейтіндігін тағы айтты. Олар сондай-ақ, жаңа әліпби қазақ тілінің бірегейлігін де сақтап қалатынына сенімді.

«Әрине латын әліпбиіне көшу басты міндеттеріміздің бірі және бұл идеяны Қазақ елі жастары да қолдайды деген үміттемін. Уақыт кеңістігіндегі тіліміз бен дінімізді, мәдениетімізді жетілдіру жолында еңбек етуіміздің ең бастамасы осы латын әліпбиімен тікелей байланысты және заман талабы соған әкеледі деген ойдамыз», — дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының сектор меңгерушісі Айбек Қадыралиев.

Айта кетейік, Елбасының латынға көшу идеясы осыдан ондаған жыл бұрын көтерілгенімен, іс жүзінде ол тек биылдан басталып отыр. Өйткені, Мемлекет басшысы өзінің сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын да латын әліпбиіне көшуді соза бермей, ертерек қолға алуды Үкіметке тапсырған болатын.

 

Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау…

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты қоғамдық талқылау әлі де болса қызу жалғасып жатыр. Еліміздің әрбір өңірінде қоғам белсенділері, ұлт зиялылары, мұғалімдер мен қарапайым азаматтар ана тілімізге жасалып жатқан реформаға қатысты өз ой-пікірлерін жеткізуде.

Осындай жиындардың бірі Жамбыл облысындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде өтті. Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мен аталған университеттің басшылығы ұйымдастырған дөңгелек үстел «Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау, ұлттық жаңғырудың мызғымас бөлігі» деп аталады. Оған филолог ғалымдар, ұстаздар мен студенттер қатысты. Басқосуда, латын графикасына көшу кезінде ескерілуге тиіс мәселелер кеңінен талқыланды.

Еске салсақ, қыркүйек айының басында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының мамандары Парламент депутаттарының назарына латын әліпбиінің қазақстандық үлгісін әзірлеп ұсынған болатын. Алайда, аталған нұсқаны қоғамда сынағандар да, жақтағандар да көп болды. Яғни, жаңа әліпбиге қатысты қоғамдық пікір қақ жарылды. Өйткені, әліпбиде кейбір қазақша әріптер мүлдем таңбаланбаған. Бұл мәселе бүгінгі жиында да қозғалды.

«Нақты өзіміздің қазақ тілінің төл дыбыстарын сақтап, оның дыбыстық айтылуын сақтау мақсатында жазылымы емес айтылуын жазылуына бейімдеп өзгерту мәселелерін талқылау үшін келіп отырмыз. Ең бастысы – қазақ тілі өзінің бірегейлігін сақтауы тиіс. Сонда ғана біз бұл реформаның пайдасын көретін боламыз. Яғни, өркениетті елдердің әдебиетіне, ғылымына есік ашамыз», — дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбала Абдрахманова.

Жиынға қатысқан мамандардың пікірінше, қазіргі қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру ғылым мен технологияны меңгеруде, іскерлік кеңістікте интеграциялануды оңайлатады. Қызу талқыға түсіп жатқан жаңа әліпбиді енгізу жобасы аясындағы туындаған мәселелер, тіл мамандарының көмегімен реттеліп, еліміздің барлық аймағы мен аудан, ауыл орталықтарында түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында қамтылған латын әліпбиіне көшіру жұмыстары көпшілік тарапынан қолдау тауып келеді. Дөңгелек үстел басында ғалымдар мен тілшілер латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екендігін айта келе, талқылау аясында өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Иә, латын әліпбиіне көшу өркениеттілік тұрғысындағы таңдау болмақ.

Басқарма басшысының блогы

Толығырақ
Күнтізбе